2015 жылғы 19 наурыз, Астана қаласы
Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидаларын бекіту туралы
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 20-бабының 23-17) тармақшасына сәйкес бұйырамын:
1. Қоса беріліп отырған Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;
3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Е.ДОСАЕВ.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 19 наурыздағы №229 бұйрығымен бекітілген
Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және
функцияларын жүзеге асырудың қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және функцияларын жүзеге асырудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына сәйкес әзірленді және меншік нысанына қарамастан тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) (бұдан әрі - тапсырыс беруші) қызмет аясын және негізгі функцияларын белгілейді.
Жобалау және құрылыс жұмыстарын орындау кезінде тапсырыс берушінің нақты міндеттері тараптардың келісімімен айқындалады.
Құрылысқа қатысу үшін жеке және (немесе) заңды тұлғалардың ақшаларын тарта отырып, объектілердің құрылысын ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде тапсырыс берушінің функциялары «Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 7 шілдедегі Заңымен регламенттеледі.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жоба – жеке және заңды тұлғалардың түпкі ойының мәнін және оны практикада іске асыру мүмкіндігін ашып көрсететін, сәулет, қала құрылысы және құрылыс құжаттамасы (сызбалар, графикалық және мәтіндік материалдар, инженерлік және сметалық есеп-қисаптар), оның ішінде құрылыстың техникалық-экономикалық негіздемесі және (немесе) жобалау-сметалық құжаттамасы нысанында ұсынған, адамның мекендеуі мен тіршілік етуінің қажетті жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі түпкі ойы;
2) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы – жобалауға арналған тапсырмаға және нормативтік-техникалық құжаттарға сәйкес орындалған сәулет, көлемдік-жоспарлау, функционалдық, конструктивтік, технологиялық, инженерлік, табиғат қорғау, энергия үнемдеу, экономикалық және өзге де шешімдердің, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру мен жүргізу, аумақты инженерлік дайындау, абаттандыру үшін сметалық есептердің жиынтығы;
3) жобаны басқару – берілген бюджет және мерзім шеңберінде инвестициялық жобаның мақсатына қол жеткізу үшін тапсырыс берушімен не инвестормен жасалған шартқа сәйкес объектілердің жобалануын, салынуын және пайдалануға берілуін ұйымдастыру, жоспарлау, үйлестіру, бақылау бойынша қызмет;
4) инвестор – Қазақстан Республикасында инвестицияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
5) мердігер – қызметтің тиісті түріне лицензиясы бар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылыс саласында тапсырыс берушімен немесе жобаны басқару бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік қызметтерді (бұдан әрі – жобаны басқару бойынша инжинирингтік қызметтер) жүзеге асыратын тұлғамен жасалатын мердігерлік шарт немесе мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша құрылыс саласында мердігерлік жұмыстарды орындайтын жеке немесе заңды тұлға;
6) тапсырыс беруші – өзінің немесе мемлекеттің мұқтажы үшін не коммерциялық мақсатта кәсіпорын, ғимарат, құрылыс салу бойынша жобаны іске асыруға инвестор (не өзі инвестор болып табылатын) уәкілеттік берген жеке немесе заңды тұлға.
3. Тапсырыс берушінің қызмет аясына жаңа объектiлер салу және (немесе) бар объектiлердi (ғимараттарды, құрылыстар мен олардың кешендерiн, коммуникацияларды) өзгерту (кеңейту, жаңғырту, техникамен қайта жарақтандыру, реконструкциялау, қалпына келтiру, күрделi жөндеу), олармен байланысты технологиялық және инженерлiк жабдықтарды монтаждау (бөлшектеу), іске қосу-жөндеу жөніндегі жұмыстар, сондай-ақ құрылысы аяқталмаған объектiлерді консервациялау жатады.
4. Тапсырыс беруші объектілердің құрылысын, оның ішінде инвестициялық жобалардың (бағдарламалардың) іске асырылуын республикалық және жергілікті бюджеттерден түскен қаражаттар, өзінің қаражаттары, инвестордың (инвесторлардың) қаражаттары, сондай-ақ құрылысқа үлестік қатысу тәртібінде инвестиция салған заңды және жеке тұлғалардың қаражаттары есебінен жүзеге асырады.
5. Тапсырыс беруші инвестормен жасалған шартта белгіленген талаптарға сәйкес объектіні салу үшін инвестордың бөлген ақша қаражатына және материалдық құралдарына билік етеді және:
1) инвестордың ресурстарын мақсатты және өз уақытында пайдалануды;
2) объектіні жобалау және салу кезінде нормативтік құқықтық актілер мен нормативтік-техникалық құжаттарды сақтауды;
3) тиімді жобалық шешімдерді қабылдауды, қолданылатын материалдардың, конструкциялардың, жабдықтардың және жүргізілген құрылыс-монтаж жұмыстардың сапасын;
4) объектіні пайдалануға енгізу мерзімдерінің сақталуын қамтамасыз етеді.
6. Тапсырыс берушінің қажетті рұқсат беру құжаттары және қызметтің тиісті түріне лицензиясы болған кезде ол тапсырыс беруші мен мердігердің міндеттерін қатар орындап, өз күшімен объектінің құрылысын жүзеге асырады.
7. Қажет болған кезде тапсырыс беруші шарттық негізде жобаны басқару бойынша инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын тұлғаны тартады.
8. Құрылысты ұйымдастыру және жүргізу кезінде тапсырыс беруші мынадай функцияларды дербес жүзеге асырады:
1) инвестицияларды бөлу көлемі мен оларды жұмсау бағыттары туралы шешім қабылдау;
2) объектінің құрылысын бастау, уақытша тоқтату, консервациялау, тоқтату туралы шешім қабылдау;
3) жобалауға арналған тапсырманы бекіту;
4) қазынашылық жүйе арқылы төлем жүргізілетін құжаттарға қол қою.
2. Инвестициялық жобаларды іске асыру процесінде тапсырыс берушінің негізгі функциялары
1-параграф. Инвестициялық жобаларды жоспарлау
9. Бюджеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау кезінде тапсырыс беруші Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексіне және Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 9938 болып тіркелген) Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, мониторингілеу және іске асырылуын бағалау қағидаларына сәйкес:
мемлекеттік, салалық бағдарламалар және аумақтардың даму бағдарламалары шеңберінде инвестициялық жобалардың іске асырылуын негіздейтін инвестициялық ұсыныстарды;
концессиялық ұсыныстарды;
техникалық-экономикалық негіздемелерді, қаржылық-экономикалық негіздемелерді, инвестициялардың негіздемесін әзірлеуді жүзеге асырады.
2-параграф. Жобалау алдындағы және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын қамтамасыз ету
10. Құрылыс салуға арналған жерге тиісті құқықты растайтын құжат бар болған жағдайда, тапсырыс беруші:
1) дербес немесе басқа мамандарды тарта отырып, салынуы белгіленген объектіні жобалауға арналған тапсырманы дайындайды.
Жобалауға арналған тапсырма жобалау алдындағы және (немесе) жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөніндегі тапсырысты орындау шартының ажырамас бөлігі және оны тапсырыс беруші бекіткен сәттен бастап тараптар үшін міндетті болып табылады.
Жобалау процесінде тапсырыс берушінің тапсырмасы бойынша жобалауға арналған тапсырма түзетіледі және нақтыланады. Егер тапсырыс берушінің бастамасы бойынша жобалауға арналған тапсырмаға енгізілген түзетулер жобалау алдындағы немесе жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасының әзірленген бөлімдерін қайта өңдеуді қажет ететін болса, онда орындалған жұмыс көлемін ескере отырып, шартқа қосымша келісім жасалады;
2) тапсырыс беруші мемлекеттік емес инвестициялардың есебінен қаржыландырылатын жағдайды қоспағанда, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 шілдедегі Заңына (бұдан әрі – «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң) сәйкес іздестіру және (немесе) жобалау жұмыстарын, қажет болған жағдайда ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және технологиялық жұмыстарды орындау үшін ұйымдарды таңдауды жүзеге асырады және олармен шарт жасасады;
3) жобалау ұйымына (бас жобалаушыға) жобалау-сметалық құжаттаманы жасау үшін қажетті:
шекарасының шегіндегі аумақты пайдалану және жоспарланған объектіні белгілеу жөніндегі регламенттерді қоса алғанда, жерге тиісті құқық беру туралы жергілікті атқарушы органдардың шешімі;
қолданыстағы ғимараттардың үй-жайларын (жекелеген бөліктерін) реконтрукциялау, қайта жоспарлау, қайта жабдықтау туралы жергілікті атқарушы органның шешімі;
жобалауға арналған тапсырманы;
аумақтың инженерлік дайындығы, көркейту мен көгалдандыру жағдайын қоса, жергілікті сәулет және қала құрылысы органымен (қала, аудан) берілген сәулет-жоспарлау тапсырмасын;
инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету көздеріне қосылу үшін техникалық шарттарды;
егер, шартта инженерлік іздестірулерді орындау қарастырылмаса, инженерлік-геологиялық іздестірулер туралы есепті;
жобалау алдындағы құжаттаманы (бар болған жағдайда) қамтитын бастапқы материалдарды береді;
4) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңның 6-бабының 1-тармағы 2) тармақшасында көзделген жағдайларда, тапсырыс беруші құрылыс жобаларын (техникалық-экономикалық негіздемелерді немесе жобалау-сметалық құжаттаманы) әзірлеуге және оларға сараптама жүргізуге бөлек конкурстарды ұйымдастырады және өткізеді.
Ведомстводан тыс кешенді сараптамаға жататын, бірақ мемлекеттік монополияға жатпайтын және мемлекеттік сатып алу нысанасы болып табылмайтын жобаларға тапсырыс беруші сараптама жүргізу үшін өз қалауы бойынша кез-келген аккредиттелген сараптама ұйымын таңдайды;
5) жобалау алдындағы (техникалық-экономикалық негіздеме) және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманы ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін мемлекеттік нормативтерде көзделген көлемде ұсынады.
Сараптаманың оң қорытындысы:
жобалау алдындағы құжаттаманы белгіленген тәртіпте бекітуге және инвестордың құрылыс объектісін одан әрі қарай инвестициялау және жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеу жөнінде шешім қабылдауына;
объектiлер мен олардың кешендерін салуға және өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға, күрделі жөндеуге), инженерлік және көлік коммуникацияларын төсеуге, аумақты инженерлік дайындауға, абаттандыруға және көгалдандыруға жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын бекітуге, сондай-ақ жобаны іске асыру бойынша құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуді бастау үшін негіз болады;
6) жобалау ұйымының сараптама ескертулерін жоюын қамтамасыз етеді;
7) бас жобалаушыдан саны төрт данадан кем емес қағаздағы және екі данада электрондық жеткізгіштегі жобалау алдындағы немесе жобалау-сметалық құжаттаманың түпкілікті нұсқасын қабылдауды, сақтауды және мердігерге беруді жүзеге асырады, сондай-ақ сараптама өткізген ұйымның мұрағатына тапсырады.
3-параграф. Құрылысты ұйымдастыру және құрылыс алаңын игеру
11. Тапсырыс беруші құрылысты ұйымдастыру және құрылыс алаңын дайындау барысында:
1) құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіле басталғанға дейін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 16 мамырдағы Заңының (бұдан әрі – «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заң) 46-бабымен белгіленген тәртіпте мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органға құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіле басталғаны туралы хабарлама жібереді;
2) мыналар бойынша тиісті ұйымдардан:
электр берудің әуе желілері және байланыс желілері аймағында, темір жол бөлінген белдеуде, құрылыс алаңында орналасқан жер асты коммуникацияларының өтетін орындарында, жер учаскелерінде жерасты қазба жұмыстарын жүргізу аймақтарында жұмыс жүргізуге;
егер тапсырыс берушінің құрылысы үшін жеке газбен жабдықтау, сумен жабдықтау, бумен жабдықтау және энергиямен жабдықтау объектілері болмаған жағдайда, құрылысты ұйымдастыру жобасына сәйкес қалаларда және басқа елді мекендерде құрылыс салу кезеңі ішінде бұрыннан бар көздерден электр энергиясын, газды, суды, буды уақытша пайдалануға;
ормандарды кесуге және ағаштарды отырғызуға рұқсат алады;
3) көрнекі орындар аумағында, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра объектісін қорғау аймақтарында жүргізілетін жерге орналастыру, жер, құрылыс, мелиорациялық, шаруашылық жұмыстарды келісуді қамтамасыз етеді;
4) объектіні салу үшін геодезиялық бөлу негізін құрады;
5) тапсырыс беруші мемлекеттік емес инвестициялардың есебінен қаржыландырылатын жағдайды қоспағанда, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау үшін мердігерді таңдауды жүзеге асырады.
Мердігерлік шарттағы жұмыстарды орындау мерзімдері жобалау (жобалау-сметалық) құжаттаманың құрамында сараптамадан өткен құрылысты ұйымдастыру жобасына (бұдан әрі - ҚҰЖ) кіретін және шарттың ажырамас бөлігі болып табылатын құрылыс-монтаж жұмыстарының күнтізбелік жоспарымен, сондай-ақ күнтізбелік жоспарға байланыстырылған құрылыс-монтаж жұмыстарын қаржыландыру кестесімен анықталады. Бұл ретте, жұмыстарды орындаудың бастапқы және соңғы мерзімдері, сондай-ақ жұмыстардың жекелеген сатыларының аяқталу мерзімдері (аралық мерзімдері) көрсетіледі. Құрылысты ұйымдастыру жобасында (ҚҰЖ) әзірленетін негізгі құжаттардың құрамы осы Қағидаларға 1-қосымшада келтірілген;
6) заңнамада белгіленген тәртіпте авторлық және техникалық қадағалауды жүзеге асыруға шарттар жасасады.
Штатта аттестатталған сарапшылар болған жағдайда, техникалық қадағалауды тапсырыс берушінің өзі жүзеге асырады;
7) мердігерге белгіленген тәртіпте:
онымен келісілген мерзімде жерге тиісті құқықты растайтын құжаттарды және тиісті пайдалану органдарынан алынған рұқсатты;
геодезиялық бөлу негізінің құрамында: құрылыс торын, қызыл сызықтар, ғимараттың (құрылыстың) габаритін анықтайтын бас бөлу остерін, биік қада белгіні, инженерлік коммуникациялардың, автожолдардың, электрмен жабдықтау желілерінің, байланыс, су құбыры, кәріз, жылу беру, газдандыру трассасының бас остерін, ресімделген құрылыс үшін геодезиялық бөлу негізін қабылдау актісін;
егер шартта өзге көзделмесе, әзірленген және бекітілген жобалау-сметалық құжаттаманы, инженерлік іздестіру материалдарын және құрылысқа қажетті құрылыс өндірісін ұйымдастыру бойынша нормативтік-техникалық құжаттармен регламенттелген басқа да құжаттарды береді.
Бұл ретте, мердігер өз күшімен не мамандандырылған ұйымды тарта отырып, жұмыстарды жүргізу жобасын (бұдан әрі - ЖЖЖ) әзірлейді. Жұмыс жүргізу жобасында (ЖЖЖ) әзірленетін негізгі құжаттардың құрамы осы Қағидаларға 2-қосымшада келтірілген. ЖЖЖ жалпы объектінің құрылысына әзірленеді және жұмыстарды жеке түрлерін орындау жобаларынан тұруы мүмкін;
8) құрылысты жалпы жүргізуге бақылауды, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен өзара қатынастарды жүзеге асырады;
9) шартта көзделген жағдайларда және тәртіпте мердігерге жұмыстарды жүзеге асыру үшін қажетті ғимараттар мен құрылыстарды пайдалануға береді;
10) құрылыстың мердігерлік шарттарын жасау және орындау барысында құрылысқа қатысушылармен туындайтын келіспеушіліктерді реттейді;
11) салынып жатқан объектіге барады, қажетті атқарушы техникалық құжаттамалармен танысады;
12) авторлық және техникалық қадағалауды ұйымдастыру арқылы орындалған жұмыс түрлерінің сапасы мен қауіпсіздігін бақылайды, олар белгіленген мемлекеттік нормативтердің талаптарына, жобалау-сметалық құжаттамаға жауап беруге, сондай-ақ шарттың талаптарына сәйкес келуі тиіс;
13) мердігерден авторлық және техникалық қадағалаудың нұсқауларын орындауды талап етеді және оларды орындамағаны не уақтылы орындамағаны және сапасыз орындағаны үшін мердігерге қатысты шаралар қолданады;
14) мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау органдарының нұсқамаларын орындауды қамтамасыз етеді;
15) жұмыстарды жүргізген кезде олар жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынан және нормативтік талаптардан, сондай-ақ жасалған құрылыс мердігерлік шартынан ауытқитын болса, жұмыс жүргізуді тоқтатады;
16) мердігерден құрылыстың мердігерлік шартының талаптарын орындауды және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізген кезде жол берілген кемшіліктер мен жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасынан ауытқуларды ақысыз жоюды талап етеді;
17) ұсыныстарды қарайды және жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеушімен келісе отырып, бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға түбегейлі емес, объектінің конструктивтік схемасына, оның көлемдік-жоспарлау, инженерлік-техникалық немесе технологиялық жобалық шешімдеріне, сондай-ақ құн және басқа да бекітілген техникалық-экономикалық көрсеткіштерін қозғамайтын өзге де объективтік факторларға әсер етпейтін өзгерістерді енгізу бойынша шешім қабылдайды, оларды кейіннен ресімдеп, сақтауға тапсырады;
18) мердігердік ұйымнан шарт міндеттерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тұрақсыздық айыбын (айыппұл, өсімақы) өндіріп алу жөнінде шаралар қолданады.
4-параграф. Қаржыландыру, есепке алу және есептілік
12. Тапсырыс беруші қаржыландыру, есепке алу және есептілік саласында:
1) заңнамалық актілерде немесе мердігерлік шартта белгіленген мерзімдерде және тәртіпте нақты орындалған жұмыстарды қабылдауды және оларға ақы төлеуді қамтамасыз етеді.
Егер тапсырыс берушінің объектілерінде бірнеше әртүрлі қаржыландыру көздері болса, шығыстар сметасы әрбір инвестордың қаржыландыру көлеміне сәйкес қаражат шығысының пропорциясын сақтай отырып, әрбір инвестормен келісіледі;
2) мердігердің операциялық-шаруашылық қызметіне араласпай, орындалған жұмыстар көлемін, бағаның негізділігін, сондай-ақ мердігерлік ұйым, өнім берушілер және басқа ұйымдар орындаған жұмыс (қызмет), жеткізілген өнім және басқа жасалған шығындар үшін төлеуге ұсынылған құжаттардағы мәліметтерді тексереді.
Мердігердің, техникалық және авторлық қадағалаудың тиісті ұсыныстарының негізінде орындалған жұмыстар құнының өсуі немесе кемуі туралы шешім қабылдайды.
Бұл ретте, жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге байланысты бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша құрылыстың сметалық құнын ұлғайту Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 5 желтоқсандағы № 129 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 9938 болып тіркелген) Мемлекеттік инвестициялық жобаның инвестициялық ұсынысын әзірлеу немесе түзету, қажетті сараптамаларды жүргізу, сондай-ақ бюджеттік инвестицияларды жоспарлау, қарау, іріктеу, мониторингілеу және іске асырылуын бағалау қағидаларында белгіленген тәртіпте жүзеге асырылады;
3) бюджеттік қаражаттың мақсатты және тиімді пайдаланылуына бақылауды жүзеге асырады;
4) бухгалтерлік және статистикалық есепке алуды ұйымдастырады және жүргізеді, сондай-ақ белгіленген тәртіпте осы Қағидаларға 3 және 4-қосымшаларға сәйкес орындалған құрылыс жұмыстарын қабылдау актісіне және орындалған құрылыс жұмыстары мен шығындар құны туралы анықтамаға қол қояды.
Мемлекеттік емес инвестициялар есебінен объектінің құрылысын жүзеге асырған кезде орындалған құрылыс-монтаж жұмыстары үшін ай сайынғы есептесу тапсырыс беруші мен мердігер арасында келісілген нысандар бойынша жүргізіледі.
5-параграф. Құрылысы аяқталған объектілерді қабылдау, құрылысы аяқталмаған объектілердің құрылысын тоқтату және консервациялау
13. Объектіде бекітілген жобаға (жобалау-сметалық құжаттамаға) толық сәйкес барлық құрылыс-монтаж жұмыстары, аумақты абаттандыру, жабдықпен және құрал-сайманмен қамтамасыз ету орындалғаннан кейін мердігер (бас мердiгер) объектінің тапсыруға дайын екендігі туралы тапсырыс берушіге хабарлайды.
14. Тапсырыс беруші мердігерден объектінің дайындығы туралы хабарлама мен атқарушылық құжаттаманың жиынтығын алғаннан кейін «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңы (бұдан әрі - «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заң) 11-тарауының талаптарына сәйкес объектіні қабылдау рәсіміне кіріседі:
1) объектінің дайындығын кешенді тексеруді ұйымдастырады;
2) сынақтан өткізу және қабылдау кезінде объектінің пайдалану режимін анықтайды;
3) қажет болған жағдайда объектіде іске қосу-жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру мен жүргізуді қамтамасыз етеді;
4) жұмыс, мемлекеттік қабылдау немесе қабылдау комиссиясын құрады және оның құрамын бұйрықпен бекітеді.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 74-бабында көзделген жекелеген жағдайларда салынған объектiнi пайдалануға қабылдауды меншiк иесi, тапсырыс беруші не инвестор дербес жүргiзедi;
5) жұмыс, мемлекеттік қабылдау немесе қабылдау комиссиясының мүшелеріне комиссия жұмысының басталатын күні туралы жазбаша хабарлайды;
6) қайта қабылдауды қоса алғанда, мемлекеттік қабылдау, қабылдау немесе жұмыс комиссиясының жұмысы барысында жүргізілген шығындарды өтейді;
7) дербес не тапсырыс берушінің жауапты өкiлiн тағайындау арқылы салынған объектіні пайдалануға қабылдауға қатысады және қабылдау актісіне қол қояды.
Объектiнiң пайдалануға берілгендігі туралы актiге қол қойылған күн мемлекеттiк қабылдау комиссиясы немесе қабылдау комиссиясы қабылдаған объектiнiң пайдалануға берілген күні деп есептеледi.
Объектіні пайдалануға қабылдаған күннен бастап объектіні күтіп-ұстауға байланысты шығыстарды тапсырыс беруші көтереді;
8) объектiнiң пайдалануға жарамсыздығы немесе құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасыз орындалғаны туралы қабылдау комиссиясының қорытындысын алған кезде тиісті мемлекеттік органдарға бұзушылықтарға жол берген құрылысқа қатысушыларды жауапқа тарту жөнiнде өтініш жасайды, сондай-ақ шарттық міндеттемелерді тиісінше орындамағаны үшін Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 1 шілдедегі Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 635-бабына сәйкес шаралар қабылдайды;
9) салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісінің негізінде Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2013 жылғы 6 мамырдағы № 156 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 8469 болып тіркелген) Жылжымайтын мүлікке мемлекеттік техникалық тексеру жүргізу ережесіне сәйкес бекітілген нысан бойынша техникалық паспорт ала отырып, жаңадан құрылған жылжымайтын мүлікке мемлекеттік техникалық тексеру жүргізуге тапсырыс береді және дайын құрылыс өніміне мүліктік құқықты тіркеуді қамтамасыз етеді.
15. Тапсырыс беруші объектінің құрылысын тоқтату (тоқтата тұру) және консервациялау туралы шешім қабылдаған жағдайда:
1) техникалық тексеру нәтижелерінің негізінде мердігерден акт арқылы құрылысы аяқталмаған объектіні қабылдайды және консервациялау жобасын әзірлеуді қамтамасыз етеді;
2) консервациялау жұмыстарын жүргізуге сметаны бекітеді және авторлық қадағалауды ұйымдастыру арқылы олардың сапалы орындалуын бақылайды;
3) құрылысы аяқталмаған объектіні консервациялау бойынша жұмыстар басталғанға дейін «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» Заңның 46-бабымен белгіленген тәртіпте құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіле басталғаны туралы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауды жүзеге асыратын органға хабарлама жібереді;
4) консервациялауда тұрған кезеңде құрылысы аяқталмаған объектідегі материалдық құндылықтарға күзет ұйымдастырады.
16. Объектіні пайдаланудың кепілдік мерзімі ішінде тапсырыс беруші мердігермен және пайдаланушы ұйыммен бірге объектіні тексеруге қатысады және анықталған ақауларды мердігердің немесе оның есебінен жоюды қамтамасыз етеді.
3. Тапсырыс берушінің жобаны басқару бойынша инжинирингтік
қызметтерді жүзеге асыратын тұлғамен өзара іс-қимылы
17. Жобаны басқару бойынша инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын тұлға жобалау алдындағы сатыны және объектіні немесе бірнеше объектіні жобалау, салу және пайдалануға енгізу сатыларын қоса алғанда, бүкіл инвестициялық кезеңге не жобаны іске асырудың кез келген сатысында жұмысқа тартылады.
18. Мемлекеттік инвестициялар есебінен салынып жатқан жобаны іске асырған кезде осы жобаны басқару бойынша функцияларды және мердігерлік жұмыстарды (жобалау алдындағы, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу және (немесе) құрылыс-монтаж жұмыстары) біріктіруге болмайды.
19. Штатында тиісті аттестаттары бар сарапшылары болған жағдайда жобаны басқару бойынша инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын тұлға техникалық қадағалауды дербес жүргізеді және (немесе) осы жұмысқа аттестатталған сарапшыларды тартады.
20. Жобаны басқару бойынша инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын тұлға Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 3 ақпандағы №71 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілер тізілімінде № 10401 болып тіркелген) Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында инжинирингтік қызметтер көрсету қағидаларының 6 және 7-тармақтарында белгіленген функцияларды орындайды.
21. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы инжинирингтік қызметтерге ақы төлеу объектінің құрылысына арналған жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүргізіледі.
Мемлекеттік инвестициялардың қатысуымен салынып жатқан объектілер үшін инжинирингтік қызметтер тартуға арналған шығыстарды төлеу сәулет, қала құрылысы жәнет құрылыс саласындағы қолданыстағы мемлекеттік нормативтерде белгіленген лимиттер шегінде жүзеге асырылады.
Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және
функцияларын жүзеге асырудың қағидаларына 1-қосымша
Құрылысты ұйымдастыру жобасында (ҚҰЖ) әзірленетін негізгі құжаттар құрамы
1. Құрылыстың күнтізбелік (объектілі) жоспары, онда негізгі және қосымша ғимараттар мен құрылыстарды салу мерзімдері мен кезектілігі, күрделі салымдарды және құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемдерін бөлу анықталады.
2. Құрылыстың бас жоспары, онда тұрақты және уақытша ғимараттар мен құрылыстардың, жолдардың, инженерлік желілердің орналасқан жері, электр энергиясы, су, жылу, бу көздерін көрсете отырып, қолданыстағы желілерге уақытша желілерді қосу орны, сондай-ақ қойма алаңдарын, негізгі монтаждау крандарды және басқа механикаландырылған қондырғыларды, межелеу желілерінің бөлу белгілерін, ғимараттар мен құрылыстарды орналастыру көрсетілген.
Егер ұйымдастыру-техникалық шешімдері құрылыс алаңымен жанасатын аумақты қамтитын болса, онда материалдық-техникалық база кәсіпорны, кен орны, тұрғын кенттері, сыртқы жолдар (олардың ұзындығын және өткізу қабілеттілігін көрсете отырып), темір жолдар, жанасу станциялары, теңіз, өзен айлақтары, байланыс желісі, электр желісі, ағашты кесу және басқа бар объектілер көрсетілген құрылыстың бас жоспарынан басқа, ахуалдық жоспар әзірленеді.
3. Ғимараттар мен құрылыстарды салудың оңтайлы жүйелілігін анықтайтын ұйымдастыру-технологиялық схемалар.
4. Негізгі құрылыс-монтаж және арнайы жұмыстар көлемдерінің ведомості.
5. Уақыты бойынша күнтізбелік (объектілі) жоспардың графикалық бөлімімен үйлестірілген құрылыс конструкциялары, бұйымдар, материалдар мен жабдықтар қажеттілігі ведомості.
6. Уақыты бойынша күнтізбелік (объектілі) жоспардың графикалық бөлімімен үйлестірілген негізгі құрылыс машиналары және көлік құралдары қажеттілігі кестесі.
7. Уақыты бойынша күнтізбелік (объектілі) жоспардың графикалық бөлімімен үйлестірілген құрылыс кадрлары қажеттілігі кестесі.
8. Түсіндірме жазба, онда құрылыс жағдайларының сипаттамасымен қатар, жұмыс жүргізу және оларды қоса атқару, оның ішінде қысқы жағдайдағы маусымдық сипатта вахталық әдіспен орындалатын жұмыс әдістері негізделеді. Еңбекті қорғау, қоршаған табиғи ортаны қорғау бойынша шаралар қарастырылады. Негізгі құрылыс машиналары және механизмдері, көлік құралдары, электр энергиясы, бу, су, оттегі, қысылған ауа қажеттілігіне негіздеме жасалады.
Кадрлардың, тұрғын үйлердің, әлеуметтік-мәдени қызмет көрсетудің қажеттілігі, құрылыстың ұзақтығы мен және басқа көрсеткіштер негізделеді.
Құрылысты ұйымдастыру жобасында мынадай техникалық-экономикалық көрсеткіштер келтіріледі:
құрылыстың, оның ішінде дайындық кезеңінің және жабдықтарды монтаждау кезеңінің жалпы ұзақтығы (ай);
жұмыскерлердің ең көп саны;
ірілендірілген нормалар бойынша еңбек шығындары ведомостіне енгізілген құрылыс-монтаж жұмыстарын орындау үшін еңбек шығыны (адам/күн), оның негізінде объектілі күнтізбелік жоспардың есептеу бөлігі жасалады.
ҚҰЖ құрамы мен мазмұны құрылысты ұйымдастыру жобасының жасалуы бойынша қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес құрылыс объектісінің күрделілігін есепке ала отырып, көлемдік-жоспарлау және конструктивтік шешімдерге байланысты толықтырылады.
Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және
функцияларын жүзеге асырудың қағидаларына 2-қосымша
Жұмыс жүргізу жобасында (ЖЖЖ) әзірленетін негізгі құжаттар құрамы
1. Жұмыс орындарын ұйымдастырудың технологиялық схемалары.
2. Қолданыстағы нормативтік техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес қауіпсіздік техникасы мен еңбекті қорғау бойынша шешімдер, өрт қауіпсіздігі бойынша шаралар.
3. Толассыз ағынды бригадалық мердігерлің әдіспен жұмыстарды орындау бойынша іс-шаралар.
4. Қажет болған жағдайда вахталық әдіспен жұмыстарды орындау бойынша іс-шаралар.
5. Уақытша инженерлік-коммуникациялық желілерді төсеу, оның ішінде авариялық жарықтандыру бойынша шешімдер.
6. Технологиялық құрал-сайман мен монтаждау жабдықтарының, сондай-ақ жүктерді ілу схемаларының тізбесі.
7. Жұмыс өндірісі, оның ішінде қысқы уақытта орындалатындар бойынша негізделген шешімдермен қатар, энергетикалық ресурстарға қажеттілік және оны жабу жөніндегі шешімдер, барлық уақытша, ұтқыр мүкәммалдық ғимараттардың, құрылыстардың және құрылғылардың тізбесі, материалдар мен конструкциялардың сақталуын қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар келтірілген түсіндірме жазба.
Сондай-ақ қолданыстағы және салынып жатқан объектілерді бүлінуден қорғау бойынша іс-шаралар келтіріледі (көктемгі су тасқынын өткізу, оң температура кезінде болатын біркелкі емес ерулер, қысқы мерзімде орындалатын жеке жұмыс түрлері).
8. Құрылыс-монтаж жұмыстарының көлемі мен орындалу ұзақтығын, механикаландыру деңгейін, ғимараттың 1 м3 алаңына, жұмыстардың физикалық көлеміне немесе еңбек өнімділігі үшін қабылданған өзге көрсеткішке шаққандағы еңбек өнімділігін қоса алғанда, техникалық-экономикалық көрсеткіштер.
Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және
функцияларын жүзеге асырудың қағидаларына 3-қосымша
Нысан
Тапсырыс беруші:
Мердігер:
Құрылыстың атауы және мекенжайы:
Орындалған құрылыс жұмыстарын қабылдау
АКТІСІ
20__жылғы ____________
________ жұмыстарына
2001 жылғы бағада
№
р/с Норма
тив пози-циясы-ның шифры және № Жұмыс
пен шығын атауы, өлшем бірлігі Саны Бірліктің құны, мың теңге Жалпы құны,
мың теңге Үстеме шығыстар, мың теңге -------- % Еңбек шығындары, адам-сағат, құрылыстағы жұмысшылар
Барлығы Машинаны пайдалану Барлығы Машинаны пайдалану
Құры-лысшы жұмыс-
шылардың жалақысы оның ішінде маши-
нистердің жалақысы Құры-лысшы жұмыс-
шылардың жалақысы оның ішінде маши-
нистердің жалақысы Машиналарға қызмет көрсететін жұмысшылар
Бірлікте Барлығы
1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 11
Барлық тікелей шығындар
оның ішінде құны:
- материалдар, бұйымдар және конструкциялар
- жабдықтардың құны
- өзге де шығындар
Үстеме шығыстар:
- жалақы
- еңбек сыйымдылығы
Жиыны:
Сметалық жалақысы
Нормативтік еңбек сыйымдылығы
Жиыны, ағымдағы бағаларда:
Салықтар, алымдар, міндетті төлемдер
Жиыны:
ҚҚС:
Барлығы:
Тапсырыс беруші
/жобаны басқару бойынша инжинирингтік қызметтерді жүзеге асыратын тұлға:
Мердігер:
Техникалық қадағалау сарапшысы(лары):
Тапсырыс берушінің (құрылыс салушының) қызметін ұйымдастырудың және
функцияларын жүзеге асырудың қағидаларына 4-қосымша
Нысан
Тапсырыс беруші:
Мердігер:
Құрылыстың атауы және мекенжайы:
Орындалған құрылыс жұмыстарының құны және шығындары туралы
АНЫҚТАМА
20__жылғы ____________
Код Код Шарт Қаржыландыру көзі Ұйымдастыру-құқықтық нысаны
тапсырыс беруші мердігер нөмірі күні атауы коды атауы коды
Іске қосу кешендерінің, объектілердің атауы Орындалған жұмыстардың құны және шығындар, мың теңге ҚҚС (1-баған бойынша) Төлемге барлығы
ҚҚС қоса алғанда, жылдың басынан бастап есепті айға дейін ҚҚС-сыз есепті айда (____ үшін)
1-бағаннан
2001 жылғы базалық баға деңгейіндегі құрылыс-монтаж жұмыстарының құны соның ішінде 2001 жылғы базалық баға деңгейіндегі ҚМЖ құрамына кірмейтін өзге де шығындардың құны қосымша шығындар
есепті айда жабдықты монтаждау бойынша материал-дар сатып алуға басқа қосымша шығыстар
А 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10
М.О. Тапсырыс беруші __________________________
(лауазымы, аты-жөні, қолы)
М.О Мердігер __________________________
(лауазымы, аты-жөні, қолы)
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылғы 24 сәуірдегі Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне №10795 болып енгізілді.